ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің соңғы мәліметтеріне сәйкес, балаларға қатысты қылмыстар, оның ішінде адам өлтіру 44,4 пайызға артқан. Ол қылмыстардың жартысынан астамын жақын туыстары жасаған. Мектеп жасындағы балалардың 66,2% проценті үйінде де, оқу орындарында да зорлық-зомбылыққа тап болатыны назар аударарлық жайт. Қазақстанда бір жасар балалардың үштен біріне жуығы қатаң тәрбие көріп өседі. Екі-төрт жастағы балалардың арасында бұл цифр 50%-ке, ал 5-9 жастағыларда 58%-ке жетеді. Қазақстан кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауға қатысты көптеген халықаралық келісім-шарттар мен конвенцияларға қосылғанына қарамастан, өмір көрсетіп отырғандай, балаларды үйдегі және сырттағы зорлық-зомбылықтан арашалау тіпті де оңай емес.
Тірі жетімдер
Сухраб пен Зубейр оңтүстік астананың ең қылмысты аудандарының (1990-жылдары) бірі – Төменгі пятилеткада дүниеге келді. Бұл отбасында ылғи да шиеленісті көңіл-күй кернеп тұратын, әке-шешесі бір-бірімен жиі араздасатын. Отбасылық драма үшінші жылға жалғасқанда әкесі қайткенде де ұлдарын өзімен алып кетіп, ер-азаматқа тән тәрбие беремін деп шешті. Бұл қадамның cалдарынан әлі буыны бекімеген балалар өздері үшін ең қымбаты – ана мейірімінен айрылды. Балалардың анасы олардың өмірінен он жылға жырақтады. 1994 жылы Алматы қаласы, Түрксіб аудандық сотының шешімімен аналық құқынан айрылды. Анасы балаларымен жасырын кездесуге тырысып, оларды мектеп қақпасының жанында күтетін, бірақ сынып жетекшілері алдын ала бүкіл жағдайдан хабардар болғандықтан күдікті әйел туралы мектеп инспекторына жеткізіп үлгеретін. Өзін ешкімге керексіз сезінген әйел осыдан кейін көзден таса болды.
Екі кішкентай баламен қалған еркекке оңай болған жоқ. Оның жоғары білімі жоқ еді, цемент қоймасында жұмысшы болды, кейде басшылықтың тапсырмасымен асфальт төсеуге баратын. Қысқасы, ол тиын-тебен үшін жұмыс істеді. Сухраб – отбасындағы баланың үлкені. Мұғалімдер оның зерек, ойы ұшқыр, еңбекқор екенін, кітап оқығанды жақсы көретінін байқады, бірақ ол үнемі мұңайып жүретін. Бұның себебі отбасындағы жайсыздықтан еді. Әкесі екінші рет үйленіп, жат біреуді үйге әкелді. Ол әйел балаларға қатал, дөрекі болды. Өзінің інісіне қарағанда Сухраб барлығын жүрегімен қабылдайтын, содан да болар, өзіне қатысты әрбір әділетсіз әрекетке жаны күйзелетін. Ал Сухрабтың бауы-ры, керісінше, өте көңілді, ойынпаз бала болды. Күні бойы көшеде ойнап, не болса соны жеп жүре береді. Бұл бүлдіршін қарны ашқан кезде үйге сатпақ-сатпақ күйінде жүгіріп келіп, өгей шешесінен түскі асқа не пісіргенін сұрап айқай салатын. Өгей шешеге бұл қылық ұнамайды, сөйтіп жақсылап таяқ жеген соң Зубейрді қап-қараңғы жуынатын бөлмеге, ал Сухрабты балконға қуып тығатын. Міне, ағайынды екі бала өз үйінде өгейлік көріп, біраз уақыт осылай өмір сүрді. Арып-ашыған, үсті-басы лас оларды көздерінен сорасын ағызып, көшеге қуып жіберген күндер де болды. «Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын» дегендей, бастарына түскен бұл күйді әкелеріне айта алмады, өйткені ол айлар бойы іссапарда жүретін. Кейіннен барып әкесі көршілерінен бар жағдайды естіп біледі. Олар кейде жаны ашып, балаларды үйіне кіргізіп, тамақтандырып та қоятын. Бірақ, күніне бір рет тамақ ішкеннен баланың қарны тоя ма? Осылайша жылға жуық уақыт өтті, бір күні өгей шеше әдетінше Зубейрге қол жұмсап жатқан кезінде әкелері келіп қалып, ол әйелді заттарымен бірге үйден шығарып жіберді. Содан кейін оны бұлар көрген жоқ.
Сөйтіп әкесі ұлдарының жанында қалды. Бір қарағанда жаман өмір сүріп жатпаған сияқты. Қарындары ашқан күндері де болды, бірақ Сухраб пен Зубейрдің көңілдері тоқ еді, өйткені оларды ешкім ұрып-соқпайтын, көшеге қумайтын. Әкелері қолынан келген жақсылығын аямады, дегенмен ол қанша тырысса да балалардың анасын алмастыра алмайтыны анық қой. Кейіннен ол үшінші рет үйленді, бірақ бұл неке де бақытсыз болды. Бұған қоса, оның іссапары таусылмайтын. Ол балаларын бір ай бойы пәтерде жалғыз қалдыруға қорқып, Алматы облысы, Көк-Қайрат ауылындағы (ауылдың аты өзгертілді) өзінің әке-шешесінің үйіне апаруға мәжбүр болды. Бірақ мұнда туған әжесі, онымен бірге тәтелері мен көкелері кішкентай бауырларын құшақ жайып қарсы ала қойған жоқ. Әжесі қит етсе шапалақпен салып қалатын, ал тәтелері мен көкелері екі ұлды аямай жұмсады. Тағы да сол күніне бір рет тамақтанып, от жағылмайтын жаздық бөлмеде түнейтін болды. Үйдегілердің бірі үлкен қазан асылған ошаққа от жақса, бөлме жылып сала беретін, бірақ осы болар-болмас жылу үйдің төбесін жапқан жұқа шатырдың арасындағы тесіктерден тез буланып кететін. Ошақ кең әрі ылғи азынап тұратын бөлменің бұрышында, тек көптен бері әктелмеген үйдің қабырғасына сіңіп қалған қап-қара күйе ғана осы бір тоқшылық пен берекенің белгісіндей көне қазанның қолданыстан қалғанын білдіріп тұратын. Балалар мұнда да қағажу көрді, әкесінің туыстары жақтырмады. Екі ұл болса, адамдардың қатыгездігіне налып, өздерінің не кінәсі бар екенін түсінбейтін.
Бірде таңертең тоңып оянған Зубейр еңіреп жылап, тоқтай алмады. Сухраб оның жүзіне үңіліп, не болғанын сұрады. Бала тамақ ішкісі келетінін және анасын сағынғанын айтты. Інісін құшақтай алған үлкен ұл да тағдырдың әділетсіздігіне күйінгеннен жылап жіберді. Ол көз жасын тоқтата алмай, інісіне өздерінің әлі-ақ бақытты болатынын, жақында әкесі келіп, екеуін үйіне алып кететінін айтты. Өмірдің бұлай үнемі қатал болмайтынын дәлелдеп, інісін ешқашан тастамауға, жанында болуға, ешкімге ренжіткізбеуге уәде берді. Тынышталған Зубейр қайтадан ұйықтап қалды. Біраздан соң балаларды әжелерінің шәңкілдек даусы оятып, таңғы асқа шақырды. Таңғы ас ылғи да біркелкі еді: кішкентай шыныаяққа құйылған сүтсіз қара шай және ұсақтап туралған кепкен қара нан. Оның өзін тыныш жеу мүмкін емес. Өйткені құлақтың түбінде тұрып алып, балалардың бейшаралығы мен сорлылығын айта беретін ащы сөзден кейін ас батуы қиын еді. Реті келген сайын әжесі балалардың өскенде қылмыскер болатынын болжап, қараспанды төндіретін.
Ертемен қарны ашқанын айтып жылаған бауыры есіне түскен Сухраб қатқан қара наннан үзіп алып, Зубейрдің алдына қойды. Кенет желкесінен жұдырық дүрс етіп, іле-шала бірнеше соққы басына тиді. Зубейр жеп үлгермеген нанның қоқымы аузынан шашырап жылап жіберді, әлсіздіктен дірілдеп кетті. Ағасын ұрмауды өтініп жалынды, жалбарынды, бірақ бұл Сухрабты сабап жатқан көкесін одан әрі ашуландырды. Көшеге қуылған балалар қашып отырып бақшадан бір-ақ шықты. Ашынған, дәрменсіздігіне күйінген Сухраб солқылдап жылады. Ал шамалыдан соң есін жинаған Зубейр болса жылап отырған бауырын құшақтап, қорыққаннан артына қарай берді.
Кесілген картоп
Күздің соңғы тамылжыған күндері де өте шықты. Қазан айы келісімен қырау түсіп күн суытты, балалар сол от жағылмайтын «времянкада» бүрісіп жатты. Әкелерінен жарты жылдан бері хабар жоқ, Ресейге кетіпті дегенді ғана естіді. Тойып тамақ ішпеген балалар нәзік еді, Зубейрдің көзі жастан құрғамады. Бұл үшін Сухраб інісін ұрсып та, еркектер ешқашан жыламайтынын айтып қайрап та қоятын. Балалар әжесінің үйінде жүргелі бері таусылмайтын айқай мен таяққа да еті үйренді, бірақ ауыр жұмысқа шыдау қиын еді. Алты жасар Зубейр ағасының жанынан қалмайды, ең жақын адамы сол ғана. Сегіз жастағы Сухраб та оны жақсы көреді, әрі ата-анасы тірі бола тұра жетімдік көріп, тағдырдың соққысынан ерте есейген ол бауыры үшін жауапты екенін түсініп үлгерген. Ұйықтар алдында бір сәт мәз болып ойнаса, енді бірде әке-шешесі есіне түсіп, мұңға шомады. Жан адамнан мейірім көрмей күндері өтіп жатты. Ертеден кешке дейін екі бала Алик деген көкесінің қарауында бақшада жұмыс істейді. Оның жасы 30-да, ешқандай білімі жоқ, үйленбеген. Ауылда бұзақылығымен аты шыққан ол ішімдікке үйір еді. Алик екі баланы үнемі мазақтап, желкесінен түйіп ауыр жұмысқа салады, отын жарғызып, алыстан су тасытады. Әбден шаршаған, әлсіреген ұлдар шет-шегі жоқ картоп бақшасында жұмыс істеп, өнімді қырық килограмдық қапқа жинайды, содан кейін оларды есек арбаға тиейді. Одан соң қаптың бәрін қайта түсіріп, әжесінің үйіндегі ұраға салады. Бақша үйден 12 шақырым қашықта, ол жаққа жол да жоқ. Әсіресе, жүк тиелген арбаны итеру қиямет, өйткені темір доңғалақтар батпаққа батса, есек ауыр жүкті тартып шығара алмайды. Көкесі балаларды қамшымен сабайды, арқасынан, аяғынан ұрады, құлағының түбінен айқайлап, егер арбаны үйге жеткізбесе екеуін де өлтіріп, далаға көметінін айтып жекіреді. Өзі болса шаршап-шалдыққан балалардың артынан асықпай жүріп отырады. Екі ұл күніне алты рет бақшаға барып келеді, содан соң әлсіреген күйінде ұйқыға жатады. Осындай бір күннің кешінде олар картоп толы қапты ұраға салып бітіргені сол еді, әжесі үлкен немересін көрші ауылға суға жібермек болды. Бала соңғы арбаға үлгеруі керегін түсіндіре бастап еді, бірақ кемпір айқайға басып, есі шыққан бала үндеместен жұмсаған жағына тұра жөнелді. Зубейрдің қорқып тұрғанын көрген Сухраб жылдам қайтып келуге уәде берді. Зубейр тездетіп арбаның соңынан ілесті, жол-жөнекей бос қаптарды жинады. Балаларды есек шаршайды деп арбаға отырғызбайтын. Мұны көрген көршілер Аликтен байғұс балаларды аяуды өтінсе де, ол ешкімнің сөзін құлағына ілмейтін.
Ымырт үйірілді, ауыр жұмыстан әбден шаршаған алты жасар Зубейр бірнеше рет жерді қазам деп өткір күрекпен картопты кесіп алды. Байқаусызда бұны көкесі көріп қойды. Алик баланың әлсіз қолынан дереу күректі жұлып алып, тегіс жағымен оның басынан бір қойды. Бала күтпеген соққыдан шыңғырып жіберіп, жүресінен отыра қалып, басын ұстап ойбайлады. Дойыр еркек баланы тепкілеп, балағаттай берді. Егіндікке қалай, қашан жеткені белгісіз, Сухраб мына жағдайды көре салысымен бар күшін жинап, көкесін арқасынан итеріп жібергенде анау мұздай суы бар арыққа құлап түсті. Сухраб жүгіріп барып інісін құшақтай алды. Әдеттегідей жаны ашып, жұбата бастағаны сол еді, дәл алдында ербең етіп тұра қалған көкесі ашудан шатынаған көздері от шашып, керзі етігімен қайсар баланың бүйірінен бір тепті. Бала анандай жерге ұшып түсті де, есінен танып қалды. Бұған да тоқтамаған Алик баланы көтеріп алып, жерге қайта лақтырды. Зубейр жауыздың қолына жармасып тоқтатпақ болып еді, бірден құлақ шекесінен жұдырық тиді. Не істерін білмеген бала жер тепкілеп жылай берді. Бірақ айдалада олардан басқа ешкім жоқ еді. Жерге соғылған Сухраб есін жиғанмен тұруға шамасы келмеді. Кенет мұрнынан қан кетіп, тағы да есінен танды. Ал көкесі болса жерге бір түкірді де, күректерді арбадағы картоптың үстіне лақтырып, үйіне кете барды.
Құтылу
Зубейр үстіндегі кір жейдесін шешіп, арықтағы мұздай суға салды да ағасының бетін сүрте бастады. Оның басынан сипап оятпақ болды, әкесі мен шешесі келгенін айтып алдады. Бірақ Сухраб көзін ашпады, қозғалмады. Біраз уақыттан соң барып көзін ашқан ол інісінің көмегімен орнынан тұрды. Басы зілдей болып, көзінің алды қарауытты, екі аяғын баса алмай теңселіп тұр. Бірнеше сағаттан соң әлсін-әлі демалып, екі бала әжесінің үйіне жетті. Сухрабтың даусы қарлығып, беті ісіп кетті, бірақ үйдегілердің ешқайсысы олардың алдынан шықпады. Тіпті, әдейі ерте ұйықтап қалған сияқты. Екі бала сұп-суық бөлмелеріне кірді. Сухраб су сұрады, бірақ ішкен суы жүрегін айнытып құса берді. Ағасына шошына қараған інісі шамасы жеткенше оған қамқор болып жатыр, бірақ егін даласындағы ауыр жұмыстан әбден титыққан ол да құлауға шақ еді. Соққы жеген бала сандырақтай бастады, маңдайынан шып-шып тер шықты, ішін бірдеңе тырнап жатқандай. Кенет мұрнынан тағы қан кетті. Зубейр ағасының бетін дымқыл шүберекпен сүртіп отырып үнсіз жылай берді. Басқа ешкімнің көмекке келмейтінін білген ол тек Құдайға жалбарынып, есіктен әкесінің кіріп келуін, ағасының жазылуын тіледі. Алайда «времянканың» есігін ешкім қақпады, ал Сухрабтың жағдайы барған сайын мүшкілдене берді. Кішкентай Зубейр ағасының қолын сипап, тоқтамай сөйледі. Бәлкім, өмірінің дәл осы мезетінде ол бірден есейіп кеткен болар. Санасының терең түкпіріне үрей ұялап, сұмдық бірдеңе жақындап қалғанын ұққандай болды. Сухраб бар күшін жинап, әдеттегідей: «Жақында анам мен әкем келеді... бізде бәрі жақсы болады!» деді де, тағы да есінен танды. Зубейр ағасының ұйықтап кеткенін көріп, өзі де ескі көрпені жамылып, жаралы басын оның иығына қойып жатты.
Әбден шаршаған Зубейр қатты ұйқтады. Оның түсіне ата-анасы, неше түрлі дәмді тағам мен тәттілер үйілген дастарқан кірді. Әкесі Сухрабты тізесіне отырғызып, анасымен күлімдей әңгімелесіп отыр екен. Баланың алаңсыз ұйқтағаны соншалық, өміріндегі бүкіл қиыншылығы артта қалғандай, бақытты жүзі бал-бұл жанады. Осы кезде ағасы тағы да сандырақтай бастады, өзіне тиіспеуін сұрап, қабағын түйіп жалынды, бетіндегі ісігі аздап қайтып, зілдей қабағын әрең көтеріп көзін ашты. Баланың дәл осы мезетте тәніндегі ауыр азаптан қалай қиналғаны, не сезінгені, не көргені белгісіз, бірақ сәл езу тартты да, мәңгілікке көзін жұмды...
Күздің қара суығы Зубейрді оятып жіберді. Ол төсегінен тұрып, үйдің асбест шатыр ғана жабылған төбесіне қарады. Төбенің тесіктерінен таңғы күннің шуағы сығалай түсіп тұр. Бала көзін уқалап отырып, өміріндегі ең тәтті түсін есіне түсірді. Мүйізденген, қап-қара қолына қарап, ауыр күрсінді. Содан кейін барып Сухрабқа көзі түсіп еді, қорыққаннан шоршып түсті. Ағасы қимылсыз сұлқ жатыр, өңі көкпеңбек, бойы да созылып кеткендей. Жансыз, аппақ жүзі сәл күлімсіреген қалпы, сол қолы кеудесінде. Зубейр ағасын оятуға тырысқанмен, оның енді ешқашан оянбайтынын түсініп үлгерді. Дыбысын шығармай, дуылдаған бетіне ып-ыстық жасын үнсіз төгіп, ағасының жансыз иығына қайтадан жабысты. Бірде таңертең ояна салып тамақ жегісі келгенін айтып жылағаны есіне түсті, ал ағасы мұны құшақтап, ешқашан тастамауға, өмір бойы жанында болуға уәде бергенін ойлады. Кіп-кішкентай болса да дәл қазір өзінің бір бөлшегінен айрылғанын жан-жүрегімен ұғынды. Бәлкім, дәл осы күн оның балалығын ұрлап, ағасымен бірге алысқа алып кеткен болар, бәлкім, бұл тірі жетім балалардың көбі бастан кешетін өмірдің қатал шындығы болар? Зубейр әлі сәби болғандықтан және басына түскен қасіреттен бұны түсіне алмады. Ол ағасына қарап сөйлей берді, енді керісінше екеуі орын алмастырып, інісі ағасын жұбата бастады. Анасы мен әкесі татуласады, екеуін алып кетеді, сөйтіп бәрі бірге, қарны тоқ болады. Баланың даусы дірілдеп, жылап жіберді. Жылаған баланың даусын әжесінің үйіндегілер де естіді, ұйқысы қанған, ішімдіктен беті домбыққан жауыз көкесі есікті теуіп ашып кіріп келді. Әдетінше айқай салмақ болған ол Сухрабты көріп, қорыққаннан қайтадан жалт бұрылып, үлкен үйге кіріп кетті. Жылдам «времянкаға» жеткен кемпір де оқыс оқиғадан сасқалақтап қалды. Біраздан соң балалардың бөлмесіне үйдегілердің бәрі жиналып, түнде қайтыс болған сегіз жасар балаға үнсіз қарап тұрды. Зубейрді үлкен үйге кіргізіп, алдына ас қойды. Бірақ бала асқа қарамастан, бір нүктеден көз алмай отыра берді.
Сол күні кемпірдің үйінде сұмдық жоспар іске асты. Әпкелі-сіңлілі екі қыз бен ағайынды үш жігіт қайтыс болған немере інісін жасырын жерлеп, қылмыскердің өзін басқа қалаға қашырып жіберді. Түн ішінде баланың денесін жақын жердегі бейітке апарып, жай бір зат сияқты көме салды. Зубейрге деген көзқарас аяқ астынан өзгерді. Енді оны ешкім ренжітпейтін, ұрмайтын болды. Ол жып-жылы үлкен үйде ұйықтайды. Әжесі баланы күніне бірнеше рет тамақтандырады, теледидардан мультфильм көруге, тіпті, көрші балалармен ойнауға да рұқсат. Бірақ тірі өліктей жетімсіреп қалған баланың ешкіммен ойнауға да, тамақ жеуге де зауқы соқпады. Ағасы екеуі зорлық-зомбылық көріп жүргенде де жүзінен кетпеген қуаныш табы мүлде жоғалды. Енді ол әжесінің үлкен үйінің бір бұрышында отырып алып, ұзақ ойланатынды шығарды.
Оралған әке
1998 жылдың қысы. Түс кезінде ауылдағы бір үйдің қақпасының алдына аппақ «Волга» көлігі тоқтады. Көліктен екі ер адам түсті, оның біреуі балалардың әкесі еді. Ол Ресейдегі ұзақ іссапарынан жеке көлікпен оралды, келе салысымен неше түрлі азық-түлікті толтырып алып асыға жеткені осы. Бұнымен ол өз өміріндегі қиын да жауапты сәтте қол ұшын созып, екі ұлына пана болған туған шешесі мен бауырларына алғысын жеткізгісі келген. Әкесі енді ұлдарының оқудан қалмай мектепке баратынына сенімді, олардың бақытты өмір сүруі үшін қолынан келгеннің бәрін істемек. Ол аяғының астында сықырлаған қарды асыға басып, туған үйінің есігін ашты. Қаңтардың аязды ауасы өзімен бірге үйдің ішіне бір құшақ суықты ала кірді. Әкесінің құшағына ұмтылған Зубейр жылап жіберді. Әкесі күліп, оны тыныштандырып әлек. Кемпір жасаураған көзін сүрткенсіп, үлкен ұлын айнала жүгіріп жүр, екі қарындасы оқтау жұтқандай үнсіз. Жолдан келген кісі бауырларының сұрақтарына жауап беріп отырып, үлкен ұлын сұрады. Кемпір естімеген сыңай танытты да, басқа тақырыпқа ауысты. Бірақ ер адам Зубейрді көтерген күйі бөлмелерді аралап, үлкен ұлын іздеді. Ешкімді таппаған ол бала көшеде жүр ме деп сұрады. Сұрағы тағы да жауапсыз қалды. Кенеттен жүрегі бірдеңені сезгендей шымырлап, басы айналып кетті. Үлкен ұлының есімін айқайлап шақырып еді, жауап болмады. Кіші ұлына қарап, бауыры қайда екенін сұрады, ол болса еңіреп жылай жөнелді. Сонда ғана кемпір болған оқиғаны айтуға мәжбүр болды. Бірақ өзі мен ұл-қыздарын сүттен ақ, судан таза етіп көрсетіп, немересі өз кінәсінен мерт болғанын меңзеді. «Жанашыр» туыстарын тыңдамай, далада киімсіз ойнап жүріп қатты суық тигізіп алғанын айтты. Ер адам есеңгіреп тұрып қалды да, бір кезде көкірегі қарс айрыла айқайлап жіберді. Сосын сырт киімін киместен далаға жүгіре шығып, бейітке бет алды. Онымен бірге келген жолдасы соңынан тартты. Үйде қалғысы келмеген Зубейр де әкесінің артынан жүгірді.
Баланың моласын көп іздеді. Шет жақта аты-жөні жазылмаған жалғыз төбешікті көрсеткен күзетші болмағанда әлі ұзақ жүрер еді. Күзетші бір күні түнде түсі суық бірнеше адам келіп, осы жерге баланы жерлегенін және мұны жан адамға тісінен шығарса, өлтіретінін айтып қорқытқанын жеткізді. Көк-Қайрат – шағын ауыл, мұнда бәрі бір-бірін жете таниды. Ер адам ұлының бейіті басында ұзақ отырды. Ол әлі де болған оқиғаға сене алмай, қайғыдан басын көтере алмай қалды. Мұны сезген досы оны қолтығынан алып көлікке беттеді. Өзіне-өзі келген соң ғана болған жайттың бәрін Зубейрден естіп білді. Тергеу органдары дереу қылмыстық іс қозғап, күмәнді қылмыскерге іздеу жариялады. Баланың денесіне жасалған сот сараптамасы соққыдан болған жарақаттан оның оң жақ бүйрегі жарылып кеткенін, бала содан қайтыс болғанын көрсетті. Егер дер кезінде медициналық көмек көрсетілгенде оны құтқарып қалуға болар еді. Бұл іске қатысушылардың барлығы «Қылмыс туралы хабарламау» және «Қылмысты жасырып қалу» баптары бойынша жазаға тартылып, бас бостандықтарынан айрылды. Ал 69 жастағы кемпірді – қайтыс болған баланың әжесін жасына және денсаулығына байланысты босатты. Үш айдан кейін құқық қорғау органдарынан қашудан шаршаған Алик үйіне оралды. Сол күні кешке ішімдік ішіп мас болған ол ертесінде мал қорада асылып тұрған жерінен табылды.
«Кешір мені…»
2018 жылдың қазан айында Көк-Қайрат ауылындағы ескі үйдің алдына екі экскаватор мен шетелдік көлік тоқтады. Ішінен полиция формасындағы сымбатты ер адам түсті. Погондарына қарағанда – полиция капитаны. Оның артынан қолына ойыншық автомат ұстаған төрт жасар бала түсті. Бұл үй оған мұраға қалған еді, ал экскаваторлар үйді құлатуға рұқсат күтіп тұр. Ер адам қақпаға келіп, тат басқан есікті сықырлата ашты. Бір сәт ойланып тұрып қалған ол «Бисмилла!» деп аулаға енді. Оң жақта ескі «времянка» тұр, қабырғалары құлауға шақ, сол жағында үлкен еңселі үй. Үйдің терезелері ағаш қақпақпен жабылған, көптен бері ешкім тұрмағаны білінеді. Ол ескі «времянкаға» кірді. Шатынаған ағаш есік дыбыссыз ашылды. Капитан үстінде қазан қисайып жатқан ескі ошақты көрді, сосын ағаш тапшанға көзі түсіп тұрып қалды. Жақын келіп шетіне отырды. Кеудесіне өксік тығылып, қайғы кернеді, кеңірдегіне ащы жас келді. Дәл осы жерде ол дүниедегі ең қымбат және жақын адамын соңғы рет көрген. Төбеге қарап еді, ескі асбест шатыр әлі тұр екен. Күзгі күннің шуағы дәл сол кездегідей шатырдың тесігінен шашырай өтіп тұр. Кенет, «времянкаға» төрт жасар ерке бала жүгіріп кірді, ол жүрегінде мәңгілікке сақтаған сол бейнеден аумайды екен. Бала әкесіне тығылмақ ойнауды ұсынды. Ер адамның көз алдына періште елестегендей болды. Балаға жетіп барып, құшақтай алды. Иығы селкілдеп, өзін кешіруді өтініп жылады. Осы уақытқа дейін қалай өмір сүргенін, әке-шешесінің қосылмағанын, бірақ сонда да өмірлері қалыпқа түскенін айтты. Оның бір кезде бар болғанына ризашылығын айтып, сол қасыретті күні – 20 жыл бұрын оны құтқара алмағаны үшін өкінетінін жеткізді. Оны қатты сағынғанын айтты. Кішкентай бала әкесінің мына қылығына таңғалды. Ол да жылап жіберіп: «Мен де сені жақсы көремін, әке!» деді. Бұл сөздер Зубейрдің есін жинатты. Ол ұлының көзіне қарап: «Мен әрдайым сенің жаныңда боламын, сені ешқашан тастамаймын! Анаң екеуің – менің өмірімсің!» деді де, бетіндегі жасын сүртті. Осынша уақыт бойы жүректегі жарасымен өмір сүрген ол өз ұлына қайтыс болған бауырының есімін қойған болатын. Баласы марқұм ағасынан аумайды, тек-тұқым деген осы ғой. Бұны жалғыз немересі десе ет жүрегі езілетін атасы да байқайтын. Біраз сабырға келген соң Зубейр Сухрабқа жақын жердегі дәмханаға барайық деді. Бала қуана басын изеп, әкесінің қолынан жетеледі. Шығып бара жатып, экскаваторшыларға бұйрық берген Зубейр бір кезде бауыры екеуі қиянат көрген ескі үйге соңғы рет қарады. Содан кейін, жүрегіндегі ауыр жарасынан құтылғандай, жаңа өмірге батыл қадам басты...
(Адам аттары этикалық себептерге орай өзгертілді).
Бахтияр ТОХТАХУНОВ
Comments powered by CComment