Алматы қаласында Satbayev University оқу орнының қабырғасында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған жоғары оқу орындарының арасындағы III студенттік олимпиада болып өтті.
Олимпиада «Электротехникалық және электрондық үрдістер — экономиканы цифрландырудың негізі» деген тақырып аясында болды. Оған еліміздің жетекші техникалық жоғары оқу орындарынан келген 45 студент қатысты.
Екі күндік сайыс барысында студенттер Ақпараттық жүйелер мен радиотехника, электроника және телекоммуникация бойынша жоғары теориялық білім мен практикалық дағдыларын көрсетті.
«Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» демекші, аталған олимпиадада шын дарындар оза шауып, бәйге алды.
Бірінші орынды Қаныш Сәтбаев атындағы университеттің студенттері иеленсе, екінші орын Алматы энергетика және байланыс университетінің студенттеріне бұйырды.
Ал, ІІМ М. Есболатов атындағы Алматы академиясының курсанттары 3 орын алды.
Біздің елімізде цифрландыру және ақпараттық технологияларды дамыту қызу жүріп жатқан кезеңде полиция оқу орындарының да ақпараттық технология, радиотехника, электроника және телекоммуникация мамандарын дайындап жатқаны көңілге куаныш ұялатады.
Postfactum.kz
Comments powered by CComment