Қазақстан халқы тілдері күні мерекесі 22 қыркүйектен Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы» 2017 жылғы 31 қазандағы № 689 қаулысымен 5 қыркүйекке ауыстырылған. Атаулы күннің өзгеруі – қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, қазақтың ақыны, педагог, аудармашы, түркітанушы, публицист, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен орайластырылған.
Тіл мерекесін «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды» деп, қоғамдық сананы тіл тазалығын сақтауға үндеген Ұлт ұстазының туған күніне орайластыру – тәуелді санадан құтылғандығымыздың жарқын бір көрінісі, елдігіміздің бір айғағы. Ахмет Байтұрсынұлының 145 жылдық мерекесіне орай қабылданған бұл шешім қоғамдық қызметі мен сан салалы шығармашылық тұғыры биік тұлғаға жасалған тағзымның бір көрінісі ғана.
Атаулы мерекенің мәні мен мағынасының қаншалықты тереңде екенін ақын Сакен Сейфуллиннің «...Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді» – деп, Ахаңға арнаған саналы ойларынан–ақ сезінуге болады.
ХХ ғасырдағы қазақ рухани мәдениетіндегі көшбасшыларының бірі болған Ахмет Байтұрсынұлы – өмірі аңызға, шығармашылығы үлкен маңызға ие болған көрнекті тұлға.
Өз заманының «Қазақтың Ахаңы» деген мәртебелі атқа ие болған Ахмет Байтұрсынұлының қазақ ұлтына сіңірген ұланғайыр еңбегі әр саладан көрінеді. Мәселен, Ахаң – ең бірінші, қазақ балаларының ана тілінде сауатын ашуына зор үлесін қосқан ағартушы, ең алғашқы «Әліппе» оқулығының авторы, екіншіден, қазақтың әлеуметтік өмірінің барлық саласына еңбек сіңірген ірі публицист, қоғам қайраткері, үшіншіден, өнер иесі – ақын, қазақтың тілін ғана емес, әдебиетін де зерттеген ғалым және халықтың тез сауаттанып хат тануы үшін араб жазуын реформалап, ұлттық деңгейге көтерген бірегей тұлға.
Бүгінгі таңда Ұлт ұстазын ұлықтауға арналған іс-шаралар республика деңгейінде кеңінен өткізілуде. Тілдер мерекесіне орай Ақмола облысының соттары да «Ахмет Байтұрсынұлы – Ұлт ұстазы» тақырыбында Ахаңның өмір жолы мен ерен еңбектеріне тоқталып, танымдық ашық сабақ өткізуге атсалысуда.
Соттар әкімшісінің басшысы Данияр Сапарбек іс-шараның шымылдығын аша отыра, барша қызметкерлерді ұлы тұлғаның мерейтойымен құттықтап, сөз кезегін Ақмола облысының оқу-әдістемелік орталығы директорының міндетін атқарушы Қуаныш Қайыргелдіұлы Қажиахметовке берді.
«Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды» деп, қоғамдық сананы тіл тазалығын сақтауға үндеген Ұлт ұстазының еңбектері туралы Соттар әкімшісі басшысының орынбасары Ғалым Ардақұлы Табанов мазмұнды баяндама оқып, ашық сабаққа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Танымдық іс-шараның басты мақсаты – өскелең ұрпаққа Ахмет Байтұрсынұлы «Ұлы тұлға» тақырыбы бойынша мәлімет беру, тыңдаушылардың сөздік қорын, тіл байлығын кеңейту, шығармашылық ізденіске баулу болып табылады. Осы орайда, Ақмола облысының оқу-әдістемелік орталығының оқытушысы Құралай Көшкінбайқызы Шәріпова көрнекі құралдарын пайдалана отырып, сот мамандарын ұлттық мәдениет пен әдебиеттің, білім мен ғылымның туын көтерген, «қазағым» деп жүрегі соққан, халқын алға жетелеуге ұмтылған көрнекті тұлғаның шығармашылық еңбегімен таныстырды. Сонымен қатар, тыңдаушыларға Ахаң туралы бейне-ролик арқылы танымдық дәріс берілді.
Іс-шараның қызықты әрі маңызды бөлігі сауалдар сайысымен ұштастырылып, қатысушылар 3 топқа бөлінді. Бірінші топ – «Ахмет Байтұрсынұлының шәкірттері», екінші топ – «Ахмет Байтұрсынұлының ұрпақтары», үшінші топ – «Алаш арыстары».
Сайыс барысында қазақ халқының салт–дәстүрлеріне шолу жасалып, белсенділік танытқан үздік топтар марапаттарға ие болды. Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай өткізілген іс-шара өз мәресіне жетіп, сот қызметкерлері ашық сабақтан үлкен әсер алды.
Comments powered by CComment