Конституциялық Кеңес Ақмола облысының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адам құқықтарының қорғалуын күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2019 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 2-бабы 2) тармақшасының нормасын (бұдан әрі – Заң) конституциялық емес деп тану туралы ұсынысы бойынша қорытынды шешім қабылдады.  

Заңмен, кейбір жағдайларды қоспағанда, оған барлық аса ауыр қылмыстарды жатқызу есебінен алқабилер қатысатын соттың соттылығы кеңейтілген. Алайда соттылық туралы жаңа ережелерді қолданысқа енгізу 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін кейінге қалдырылған. Бұған сот пен сотталушы күмән келтірген.

Жалпы  Конституциялық Кеңес өз шешімінде қылмыстық істер бойынша сот төрелігін іске асыруға алқабилер ретінде азаматтардың қатысуы ерекше конституциялық-құқықтық маңызға ие, деп көрсетті. Қылмыстық істі соттың алқабилердің қатысуымен қарау мүмкіндігі (Негізгі Заңның 75-бабының 2-тармағы) айыпталушының құқықтары мен бостандықтарын сотта қорғаудың Конституцияда бекітілген процестік кепілдіктерінің қатарына жатады, оны іске асыру тетігі заңмен белгіленеді.

Кеңестің пікірінше, алқабилер қатысатын қылмыстық сот ісін жүргізудің нақты моделін заңнамалық реттеу, соның ішінде осындай соттың соттылығын айқындау, кезінде заң шығарушының қарауы абсолютті болып табылмайды және ол қолданатын шаралар Негізгі Заңның (75-бабы 2-тармағының) нормаларын неғұрлым толық іске асыруға, сот ісін жүргізудің осы нысанынан негізсіз бас тартуға және баршаның заң мен сот алдында теңдігі қағидатын бұзуға жол бермеуге бағытталуға тиіс. 

Конституциялық Кеңес заң оны қолданысқа енгізгеннен кейін ғана құқықтық қатынастарды реттеп, белгілі бір заңдық салдарды туындата бастайды, деп атап өтті.  

Осыған орай, Заңның қаралған нормасы Конституция ережелерімен келіседі деп танылды. 

Конституциялық Кеңес шешіміне сәйкес, нормативтік құқықтық актілерді қолданысқа енгізуді кейінге қалдыру мерзімдері ақылға қонымды болуы және жаңа нормативтік ережелердің тиісті қолданылуын қамтамасыз ету үшін қажетті құқықтық, ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық, кадрлық және өзге де жағдайлар жасауға бағытталуға тиіс.  

Сонымен қатар, Конституциялық Кеңес отырысында кейбір кемшіліктерге мүдделі мемлекеттік органдардың назары аударылды: жаңа заңдарды қолданысқа енгізу мерзімдерін анықтау кезінде қалыптасқан ұстанымдардың жоқтығы, өтпелі кезеңде қолданылатын құқық пен тәртіпті жеткіліксіз құқықтық реттеу, алқабилер қатысатын соттың соттылығын анықтау критерийлерінің қажетті деңгейде пысықталмауы және басқалар.

Конституциялық Кеңес қаулысының толық мәтіні баспасөзде және Кеңес сайтында жарияланады.

 Postfactum.kz

  

Comments powered by CComment