2021 жылғы 30 желтоқсанда гибридті форматта Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы» Конституциялық заң қабылданған күнге арналған «Қазақстан Тәуелсіздігі негіздерінің қалыптасуы мен дамуындағы Негізгі Заңның рөлі» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараны Конституциялық Кеңес, Нұрсұлтан Назарбаев Қоры, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі Комиссия, Д.А. Қонаев атындағы Еуразиялық Заң Академиясы, Абай атындағы ҚазҰПУ-ң Сорбонна-Қазақстан Институты, Қазақстандық криминологиялық қауымдастық бірлесіп ұйымдастырды.
Конституциялық Кеңестің төрағасы Қайрат Мәми, форумды аша отырып, Қазақстан Республикасының Конституциясы саяси, экономикалық, әлеуметтік процестер мен институттарды дамыту үшін барлық жағдай жасап, Қазақстанның жаңғыруын қамтамасыз еткенін атап өтті. Конституционализмнің прогрессивті дамуының маңызды факторы - Конституцияның ережелерін іс жүзінде жүзеге асыру. Осы жылдар ішінде Конституциялық Кеңес еліміздегі конституциялық заңдылық режимін қамтамасыз етудің сенімді кепіліне айналды. Ұлттық құқықты дамыту бағыттарының бірі - конституциялық бақылау және оның шешімдерін орындау тетіктерін одан әрі жетілдіру, деп түйіндеді сөзін спикер.
Форумның модераторы Нұрсұлтан Назарбаев Қоры Атқарушы директорының орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның Төрағасы Игорь Рогов болды. Ол қазіргі жағдайда конференция тақырыбының өте өзекті екенін атап өтті. Бүгінгі таңда, бүкіл әлем коронавирус дағдарысының жағымсыз салдарына тап болған кезде, конституциялық жүйе қоғамның тұрақтылығына және қауіпсіздігіне кепілдік беретін маңызды константалардың бірі болып табылады. Өткен уақыт еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қалыптастырған конституциялық үлгінің саяси тұрақтылықты, қоғамдық келісімді, мемлекеттің экономикалық дамуын қамтамасыз етіп, азаматтың құқықтары мен бостандықтарының тиімді қорғалуына кепілдік беретінін көрсетіп отыр, деді модератор.
Сонымен бірге, форумға қатысушыларға Д.А. Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясының ректоры Ө. Жалаири құттықтау сөз сөйледі.
Аталған мәселелер бойынша отандық құқықтық ғылым өкілдері, профессорлар М. Башимов, Д. Баймаханова, Л. Жанұзақова, Қ. Айтхожин, А. Караев және Э. Дүйсеновтың баяндамалары тыңдалды.
Тақырып бойынша шетелдік сарапшылар: Зеленогур университетінің Заң ғылымдары институтының директоры (Польша) Анджей Биштыга; А.С. Грибоедов атындағы Халықаралық құқық және экономика институтының ғылыми-зерттеу жұмысы және халықаралық қатынастар жөніндегі проректоры А. Автономов; Орал мемлекеттік заң университетінің конституциялық құқық кафедрасының профессоры И. Остапович өз пікірлерімен бөлісті.
Дөңгелек үстелдің қатысушылары, соның ішінде шетелдік сарапшылар, ел басшылығының қызметінде Ата Заңның әлеуетін барлық салада ашу бағыты жалғастырылып отырғанына назар аударып, жүргізіліп жатқан реформаларға жоғары баға берді.
Форум жұмысына Қазақстанның мемлекеттік органдарының, оқу орындарының, Қазақстанның ғылыми қоғамдастығының өкілдері қатысты.
Конституциялық Кеңестің баспасөз қызметі
Comments powered by CComment