Қазақстанда нарықтық ипотека мөлшерлемелері әлі де жоғары болып отыр, яғни жылдық мөлшерлеме 20%-дан асады. Ал «Отбасы банктегі» жеңілдетілген бағдарламалар қолжетімдірек болғанымен, онда тұрақты ресми табыс талап етіледі. BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында экономист Бауыржан Искаков несиеге қол жеткізу және қарыз жүктемесіне батпау үшін қанша табыс керек екенін түсіндірді.
Сарапшының айтуынша, банктер ипотекалық өтініштерді қарастырғанда табыстың көлеміне ғана емес, оның ресми расталуына және тұрақты түсуіне назар аударады.
Банк тарапынан несие алушыға қойылатын негізгі талаптардың бірі – ресми жалақының болуы, оған зейнетақы және әлеуметтік аударымдардың түсуі, кемінде алты айлық еңбек өтілі, сондай-ақ басқа қарыздардың бар-жоқтығы. Банктер үшін маңызды көрсеткіш – ипотеканың ай сайынғы төлемі отбасының ресми табысының 40–45 пайызынан аспауы, — деп атап өтті экономист.
Бүгінде нарықтық ипотека мөлшерлемелері жылына шамамен 20% және одан жоғары, сондықтан мұндай несие көбіне табысы жоғары азаматтарға ғана қолжетімді болып отыр.
Егер пәтердің бағасы 25 миллион теңге деп алсақ, ал несие мерзімі 20 жыл, мөлшерлемесі 20 пайыз болса, ай сайынғы төлем шамамен 385–390 мың теңге болады. Мұндай жағдайда отбасының табысы кемінде 770–800 мың теңге болуы қажет. Ал «Отбасы банк» арқылы берілетін жеңілдетілген ипотекада жағдай әлдеқайда жеңіл. Сол пәтерге үлкен бастапқы жарнамен ай сайынғы төлем шамамен 175 мың теңге болады, демек табыс 350 мың теңге шамасында жеткілікті, – дейді Бауыржан Искаков.
Сарапшының есептеуінше, «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасында ай сайынғы төлем мөлшері тікелей несие мерзіміне байланысты.
Егер пәтердің бағасы 20 миллион теңге болса, бастапқы жарна шамамен 4 миллион теңгені құрайды. Несие 20 жылға рәсімделсе, ай сайынғы төлем шамамен 124 мың теңге болады. 10 жылға алғанда – 185 мың теңге, ал 5 жылға – 316 мың теңге шығады. Демек, отбасының табысы 370 мыңнан 630 мың теңгеге дейін болуы керек, – дейді сарапшы.
Банктер өтінімдерді қарастырғанда отбасының жүктемесін де есептейді: асырауындағы адам саны, балалар, алимент төлемдері, басқа несиелердің болуы – мұның бәрі несие мөлшеріне әсер етеді.
Бауыржан Искаковтың пайымдауынша, үлкен бастапқы жарна қарыз сомасын азайтады, ай сайынғы төлемді төмендетеді және сәйкесінше, табысқа қойылатын талаптарды жеңілдетеді.
Айта кетейік, қазіргі таңда Қазақстандағы орташа жалақы шамамен 390–400 мың теңгені құрайды. Сондықтан көп азамат үшін қолжетімді нұсқа – жеңілдетілген ипотека бағдарламалары немесе бағасы төмендеу тұрғын үй.
Экономист қарыз алушыларға қаржылық мүмкіндігін асыра бағаламауға және ай сайынғы төлемнен кейін белгілі бір қаржы қорының болуына мән беруге кеңес береді.
Ипотеканы қарастырғанда тек «банкке ай сайын қанша төлей аламын?» дегенге емес, төлемнен кейін қанша ақша қалатынына да мән беру керек. Ең дұрысы – ай сайынғы төлем отбасы табысының 30–40 пайызынан аспағаны жөн. Бұл қаржылық салмақты азайтып, қаржылық қор жинауға мүмкіндік береді. Ең маңыздысы – несие мерзімі тікелей артық төлемге әсер етеді. Яғни мерзім ұзақ болған сайын ай сайынғы төлем азаяды, бірақ жалпы артық төлем көбейеді. Ал қысқа мерзім жоғары табысты қажет етеді, есесіне пайыздық шығын азаяды, – дейді экономист Бауыржан Искаков.
Сарапшының пікірінше, ипотекалық міндеттемелерге әсіресе жалғызбасты ата-аналар мен балалы отбасылар мұқият қарауы керек. Өйткені күтпеген шығындар туындаған жағдайда қаржылық артық қаражат қоры болмаса, қарызға батудың қаупі жоғары.
Осылайша, экономистің қорытындысы мынадай: қазіргі әрекет ететін бағдарламаларға қарамастан, ипотека ресми, тұрақты жалақысы орташа деңгейден жоғары азаматтарға ғана қолжетімді. Ал табысы төмендеу азаматтарға ол алдын ала бастапқы жарнаны жинап, отбасылық бюджеттерін мұқият жоспарлауға кеңес береді. Сонда ғана ипотека ауыр жүкке айналмайды.
zanmedia.kz
Comments powered by CComment