Кейінгі бірнеше жылда, әсіресе коронавирус пандемиясынан кейін туризмде ілгерілеу байқалды. Көрікті жерлерге шет елдерден келетін қонақтар көбейіп, ішкі туризм де қатар дамыды. Мысалы, биыл І тоқсанның қорытындысына зер салсақ, қонақ үй секілді орындарда ішкі туристерден 1,7 млн адамға қызмет көрсетіліпті. Бұл 2024 жылдың І тоқсанындағы көрсеткіштен 200 мыңға артық. Ал шетелдік туристердің саны – 257 мың адам болғанын ескерсек, бұл былтырмен салыстырғанда 15%-ға көп.
Қонақ орналасатын нысандар биыл І тоқсанда 61 млрд теңге сомасына қызмет көрсеткен. Бұл 2024 жылдың І тоқсанымен салыстырғанда 20 %-ға артық. Нақты санмен айтсақ 51 млрд теңге шамасында. Биыл қонақ орналасатын орындардың саны 309 бірлікке өсіп, 4 313 нысанды құраған. Біржолғы сыйымдылық 19 мың төсек-орынға артып, 226 мың төсек-орыннан асыпты. Биыл біріші жартыжылдықта туризм саласындағы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі де өсіп, 460,2 млрд теңгені құраған. Бұл көрсеткіщ былтыр 390,5 млрд теңге шамасында болғанын ескерсек, биылғы өсім 18%-ды құрап отыр деген сөз.
Жыл басынан бері шетелден келген қонақтардың саны шамамен 7,5 млн адамды құраған. Бұл 2024 жылғы І жартыжылдықпен салыстырғанда 8,6%-ға артық. Оның ішінде 1 күннен астам уақытқа қалған қонақтардың саны – 5 млн адам. Туризмді дамытудың негізі бағыты – туристерді қызықтырып, елге оңай келіп-кетуіне жағдай жасаудан, қауіпсіздіктен басталды. Осыны елеп-ескергеннің арқасында қазір 87 елдің азаматтары үшін визасыз режім қолданылады. Сол секілді туристер үшін өткізу қабілеті мен ыңғайлылығын арттыру мақсатында Q-gate жүйесі қосылған. Бүгінде осы жүйемен барлық жерүсті өткізу пункттерін кезең-кезеңімен жарақтандыру мәселелері пысықталып жатыр.
Дүниежүзілік экономикалық форумның туризм және саяхат бағыты бойынша рейтингінде Қазақстан 2024 жылы 14 позицияға көтеріліп, 52-орынға ие болды. Егер, дәл осы тізімде 2023 жылы 66-шы орында болғанымызды ескерсек, нәтижені тәуір деп бағалауға болады. Осы қарқыннан таймасақ туризм тұрақты табыс көзіне айналып, алдағы жылдары рейтингтегі нәтиже тағы жақсара түспек.
zanmedia.kz
Comments powered by CComment