Қоршаған ортаны қорғау мәселесі бүкіл планета тұрғындарын алаңдатып отырғаны белгілі. Бүгінгі таңда жер шары тұтастай экологиялық дағдарысты бастан кешіп жатыр. Климаттың жылынуы, ауа мен судың ластануы секілді жаһандық проблемалардан бөлек, еліміздің ауқымында да шешімін күткен экологиялық өзекті мәселелер жеткілікті. Осы орайда, Қазақстандағы қоршаған ортаны қорғаудың жай-күйі, түрлі түйткілдер мен оларды шешу жолдары жөнінде Қазақстан Экологиялық одағы мен кәсіпорындары «Табиғат» қоғамының президенті Мэлс Елеусізовпен сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.
– Мэлс Хамзаұлы, қазіргі таңда еліміздегі ең өзекті экологиялық проблемалар деп нені ерекшелеп атар едіңіз?
– Күрделі мәселелер өте көп. Біріншіден, су ресурстары мәселесі. Дүние жүзіндегі ең үлкен көл Каспий апат алдында тұр. Табиғи экожүйе бұзылғандықтан, көлдің суы азайып, көптеген балық түрлері жойылып барады. Су қоймасы өнеркәсіптен шығатын зиянды заттармен шектен тыс ластанған. Арал теңізінің экологиясы да көп мәселе тудырып жатыр. Енді кезек Балқаш көліне келді, көлге өнеркәсіп орындарының химиялық шығарындылары, сол аймақтың қалдық сулары төгіліп жатыр. Бұлай жалғаса берсе ол екінші Арал болады. Ол қиын емес, өйткені Балқаштың орташа тереңдігі 6 метр ғана, көлемі үлкен, тез буланады. Оған құятын судың 80 пайызы Іле өзенімен келеді, ал қазір оның суын Қытай азайтып жатыр.
Екінші күрделі мәселе – мұздықтардың еруі. Қазір мәселен, Алматыдағы тау өзендерінің суы қатты азайды, өйткені мұздықтардың 44 пайызы еріп кетті. Қала тұтынатын су мұздықтардан келеді. Жалпы бүгінгі таңда Қазақстанда да, дүние жүзінде де ең үлкен проблема су болып отыр.
Үшіншіден, полигондар мәселесі. Семей полигонында 400-ден астам сутегі бомбасы жарылды, оның қасыретін жер де, халық та әлі тартуда. Полигон зардаптарын жою жұмыстары жүргізілген жоқ.
Тағы бір ауқымды проблема – климаттың жылынуы. Қазір жер шарының температурасы жарты градусқа қызды, соның өзі үлкен апаттарға әкеп соғуда. Планетаның әр түкпірінде алапат су тасқыны, жер сілкінісі болып, мұздықтар еруде, мұхит деңгейі көтерілуде.
Келесі мәселе – қатты тұрмыстық қалдықтар. Адамдардың тіршілік әрекетінің қалдықтары қазір бүкіл планетаға зиянын тигізіп отыр. Қоқыстар айналаны тұтас ластап, тіпті мұхитта қоқыстардан тұратын тұтас аралдар пайда болды. Тұрмыстық қоқыстар негізінен азық-түлік қалдықтарынан тұрады. Адамдардың салғырт көзқарасы салдарынан бұл қалдықтардың зияны күннен-күнге өршіп барады.
Мен тұрмыстық қалдықтар мәселесін көптеген жылдан бері көтеріп келемін. Оларды өңдеу жөнінде тиісті орындарға өте тиімді ұсыныстар мен жобалар да бердім. Осы мәселе бойынша 2 патент алдым. Бұған парапар идея дүние жүзінде жоқ. Ол жоба тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеу, іске асыру, өнім шығару процесін қамтиды. Қазір, мәселен, бүкіл әлемде табиғи ресурстардың азаю үрдісі байқалуда. Ал тұрмыстық қалдықтардың ішінде 80-нен астам әртүрлі шикізат бар. Неше түрлі пайдалы элементтер бар, біреуі көп, біреуі аз дегендей. Тұрмыстық қоқыстың үштен бірін тамақ қалдықтары құрайды және пластик шектен тыс көп. Пайдаланған қағазды да қалай болса солай құртып жатырмыз, не өртейміз, не қоқысқа тастаймыз. Ол үшін қаншама ағаш кесілгенін ескермейміз. Сондықтан мен тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеп, іске жарату керек деп есептеймін және біздің жобамыз осы мәселені реттеуге арналған.
– Сіз көп жылдан бері Сорбұлақ мәселесін көтеріп келе жатырсыз.Алматының шаруашылық және өндірістік қалдық сулары құйылатын қоймалардың қазіргі ахуалы қандай?
– 1988-жылы Қазақстандағы су шаруашылығын дамыту және мелиорация мәселесімен айналысатын «Қазгипроводхоз» деген үлкен ғылыми-жобалық институтта директордың орынбасары болатынмын. Сол жылы қаңтар айында Алматының қалдық суы жиналатын Жаманқұм көлінде сұмдық апат болды. Су қоймасында сел болып, 13 адам қаза тапты, 2 көпірді алып кетті, қоршаған орта ластанды, көлік және темір жолдары қирады. Егер машинист пойызды тоқтатпағанда, бұдан да зор апат болуы мүмкін еді. Апаттың себебі – қалдық су қоймасын пайдалану ережелері өрескел бұзылған. Су жобалық көлемнен асып кеткен. Апаттың салдарының аз болуына Қапшағай су қоймасының да пайдасы тиді. Жаманқұм – Алматының қалдық сулары жиналатын кіші көл, үлкені – Сорбұлақ. Қазір, мәселен, Жаманқұмда 30 миллион куб су болса, Сорбұлақта 1 млрд куб су бар.
Жаманқұм апатына байланысты менің 50 жыл бұрын айтқан ескертулерімнің бәрі шындыққа айналды, дәл келді. Маған сенбегенмен, табиғат көрсетіп берді. Бұл өте өзекті проблема, егер Сорбұлақта апат болса, сол маңдағы 50 мың тұрғыны бар Балқаш ауданын түгел сел алып кетеді, Іле ауданы, Ақши ауылының тұрғындарына да қауіп төнеді. Күрті су қоймасы тез толады, оның бөгеттері селге шыдамайды.
Қазір апаттың алдын алып тұрған жалғыз кедергі – Сорбұлақ көлінің оң жағындағы арна Ілеге құяды, бірақ одан еш пайда жоқ, тек уақытын созып қана тұр. Қазір сол жағында тағы бір үлкен көл пайда болды. Алматының қалдық суы жиналып, осы 3 көлге құяды. Суды ысырап етіп, қалай болса солай ағызып жатырмыз. Сорбұлақтың жағдайы күннен-күнге нашарлап барады.
Біздің «Табиғат» қоғамы 1990-жылдары осы көлдерге қатысты жобалар жасады, қалдық су қоймасын тазалау әдісін ұсындық. Бірақ ешқайсысы құзыретті мекемелер тарапынан еленбеді, іске асырылмады.
– Алматы қаласы жер сілкінетін аймақта орналасқаны белгілі. Кезінде құрылыс салуда қаланың осы ерекшелігі ескеріліп, зілзалаға төзімсіз биік ғимараттар салуға рұқсат берілмейтін. Қазір қала алып құрылыс алаңына айналды және олардың барлығы сейсмикалық талаптарды орындай бермейді. Бұның экологиялық қыры да бар ғой.
– Қазіргі уақытта Жапонияда, Индонезияда, Курил аралдарында, Оңтүстік Америкадағы Чилиде жер сілкіністері болып жатыр. Алматы осы жер сілкіну жиі қайталанатын аймақтармен бір қатарда тұр, біздің қаламызда 12 баллға дейін дүмпу болуы мүмкін. Кезінде КСРО Ғылым академиясының ғалымдары Алматы сейсмологиясын зерттей келе, шаһарда 700 мың адамнан артық адам тұрмауы керек деген ғылыми қорытынды жасаған. Яғни Алматының экологиялық сыйымдылығы – 700 мың тұрғын. Ал қазір қаламыздың тұрғындары 3 миллионға таяп қалды, енді одан ары көбеймесе, азаймасы анық. Бүкіл бос жер атаулыға биік үйлерді қаптатып салып тастады. Қаланың ауасы ауыспайды, жел тұрмақ, самал да соқпайтын болды. Бес қабаттан биік үйлер салмау керек деген ереже жайына қалды. Жаман айтпай жақсы жоқ, егер Алматыда жер сілкінсе қаланың жағдайын елестетудің өзі қорқынышты. Сондықтан, биік ғимараттар құрылысын тоқтату керек. Ол тек құрылыс компанияларына ғана тиімді.
Бүкіл елімізде ауылды жерлердің тұрғындары жаппай қалаға көшу процесі жүріп жатыр, себебі ауылда жұмыс жоқ, ауыл шаруашылығы қиын жағдайда. Жұрттың бәрі нәпақа табу үшін қалаға келеді. Соның салдарынан ауылдар қаңырап, елсіз қалды. Бұл мемлекеттік деңгейдегі үлкен мәселе.
Алматы тұрғындарын шектен тыс көбейтудің, құрылыс салудың керегі жоқ. Қаланы сумен қамту күннен-күнге қиындайды, тау өзендерінің жағдайын жоғарыда айтып өттім. Биыл қала маңайындағы Талғар ауданының тұрғындары да ауыз судан тапшылық көрді. Өйткені Талғардың, Түрген өзендерінің суы Алматыны қамтамасыз етуге жұмсалуда. Бұлай кете берсе, көп ұзамай қаладағы ағаштың бәрі қурайды. Қаланың аяқ жағында тұратын тұрғындар ауласынан бұрғылап су шығарып жатыр, оның есесіне жоғарғы жақтағы су деңгейі түсіп кетті. Сондықтан Алматыны сумен қамту мәселесін зерттейтін арнайы комиссия құрылуы керек. Оның құрамына су шаруашылығы мамандары, ғалымдар енгізілуге тиіс. Бұл қаланың болашағы, халықтың қауіпсіздігі үшін қажет.
– Кезінде өзіңіз қызмет еткен «Қазгипроводхоз» мекемесінің қазіргі халі нешік? Су шаруашылығымен толыққанды айналыса ма?
– Институт 1930 жылы құрылған, біздің кезімізде онда 1200 адам жұмыс істеді. Қазіргі Жаңа алаңдағы үлкен ғимаратта орналасты. Институт қызметкерлері еліміздегі ең ірі ирригациялық құрылыстарды жоспарлаумен, су қоймаларын, су арналарын, скважиналар мен насостар секілді түрлі су шаруашылығы нысандарын салумен айналысты. Институт қазір де бар, бірақ санаулы адам осы сала бойынша жоба жұмыстарымен шұғылданады, бұрынғыдай қауқары әрине жоқ. Ал, проблема өте көп.
– Қалада велосипедке арналған жолақтар салынды, есесіне трамвай желісі жойылды. Бұның Алматы экологиясына әсері қандай?
– Велосипед – Алматыға ең лайықты көлік және оны дамытуға мүмкіндік бар. Алайда әкімдік салғызған бұл жолақтар қалаға өте қымбатқа түсті және тиімділігі төмен болып шықты. Бірен-саран адам болмаса, ешкім пайдаланып жүрген жоқ. Алматыда көп адамда велосипед болса да, арнайы жолақпен жүре алмай отыр. Өйткені әуел баста дұрыс жоба таңдалмады. Ал біз ұсынған тиімді ұсынысқа көңіл бөлінбеді. Идеяны алды, әрине, бірақ шала жасалды. Біз «Орбита» ықшамауданынан басталатын трамвай желісінің негізінде халық нақты пайдалана алатын жолақ жасауды ұсынған болатынбыз. Бірақ ол іске аспай қалды.
Жалпы қала әкімдігі трамвай көлігін сақтап қалуы керек еді. Трамвай деген ең экологиялық таза көлік. Оны метро да алмастыра алмайды, өйткені ол қауіпті көлікке жатады, ал трамвай қауіпсіз әрі зиянсыз.
Қазір мәселен Алматыда күніне мил-лиондаған автокөлік жүреді, улы газдар шығаруымен қоса, олардың доңғалақтары да ауаға зиянды заттарды үздіксіз шығарып жатыр. Неліктен автокөлік иелері доңғалақты жиі ауыстырады дейсіз, өйткені шиналар резеңкеден жасалады, ол жүрген кезде үйкеліп, желінеді, құрамындағы бензапирен, формальдегид және басқа улы химиялық заттар ауаға тарайды. Резеңке – өте қауіпті зат, канцерогенді. Сол себепті қазір қала тұрғындарының арасында аллергия, астма, түрлі онкологиялық аурулар өте көп. Өкінішке қарай, бұны ешкім ескеріп жатқан жоқ. Ал трамвай темір рельстермен, электр тогымен жүреді, атмосфера үшін еш зияны жоқ. Міне, осындай экологиялық көлікті қаланың бұрынғы әкімі жоқ қылды. Темір рельстер ғимараттардың темір қақпаларымен бірге қиратылып, Қытай асып металлоломға кетті. Трамвай депосы жекеменшікке берілді, төңірегіндегі жасыл желек кесілді. Мен бәрібір де алдағы уақытта трамвай желісін қайта салу керек деп есептеймін.
– Сіз Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бері экологиялық партия құру ниетіңізден танбай келесіз. Әйтсе де әлемнің көптеген елдерінде халықтың қолдауына ие болып отырған экопартияның біздің елде бағы жанбай келеді, бұл неліктен және қазір партия құру процесі қай деңгейде?
– Дәл қазір экологиялық партия құратын уақыттың дер шағы. Халық экопартияның қажеттігін ұғынды. Экологиялық партия мемлекетіміз үшін, жалпы қоғам үшін қажет. Қазіргі тіркелген партиялар қоршаған орта жағдайына назар аудармай отыр. Ал біздің қозғалысымыз экологиялық проблемаларды шешуге түрткі болуды басты міндеті санайды. Сондықтан мен бүкіл қазақстандықтардан қолдау күтемін. Біз 1993-жылдан бастап Қазақстанда экологиялық партия құруға талпыныс жасадық. Өкінішке қарай, ол кезеңде мұндай партияның қажеттігі тұрғысында халықтың нақты түсінігі қалыптаспаған еді. Бірақ партия құрылмаса да «Табиғат» экологиялық одағы осы отыз жыл бойы қоршаған орта мәселелерімен тыңғылықты айналысып келеді.
Менің Кеңес одағы кезінде де, одан кейін Жоғарғы Кеңеске депутат болған кезімде де айтқан болжамдарым расқа шықты. Мен Сорбұлақ мәселесін 1992-жылы көтердім. Сол тынымсыз ізденістің арқасында халық та көңіл бөле бастады, билік тарапынан да сол кезде белгілі бір іс-шаралар қолға алынды. Каспий теңізінің суы әбден ластанғанын, оның зиянды екенін айтып, қоғамдық сараптама жасадық. Үкіметке арнайы құжат жолдадық. Бірақ Үкімет үнсіз қалды.
Дүние жүзіндегі бекіре тұқымдастардың 97 пайызы Каспий көлінде, сондықтан оны сақтау керек деп, балық тұқымын үйде өсірудің жолын көрсеттім. Біраз адам соны үйреніп, кәсіп қылды. Алматыдағы саябақтардың жері сатылып, жойылып кетейін деп тұрғанда халықтың көмегімен алып қалдық. Мәселен, Жароков көшесіндегі саябақтың ағаштарын кесіп, жеке меншікке сатып жібергелі тұрғанда солай сақтап қалдық, оқушыларды апарып ағаш егіп, жасыл желекті көбейттік. Бұл әрі табиғатты сақтау, әрі экологиялық тәрбие. Шетелдіктер үшін туризм тұрғысынан Қазақстан жеке-дара соншалық тартымды емес, олар Орта Азия елдерін тұтас көргісі келеді. Еуропа елдерінде өткен БҰҰ-ның климат өзгеруіне арналған әлемдік саммиттерге қатысқан кезімде өз еліміз туралы ақпарат беріп, неше түрлі табиғатымыз бейнеленген буклет, кітапшаларды көрсетіп, ақпарат беріп жүремін. Сондайда олар біздің елімізден гөрі Орта Азияға қызығатындарын жасырмайды. Осыған байланысты біз тағы бір керемет жоба жасадық, ол – Алматы – Ыстықкөл аспалы жолы. Шілде, тамыз айлары Ыстықкөлде нағыз демалатын кезең. Халық қазір Қордайдағы кеден арқылы өтеміз деп қаншама уақытын зая кетіреді, шаршайды. Біздің жобамызда соның шешімі де көрсетілген. Туристерге арналған аспалы жолдан бөлек, Франциядағы Куршевель тау шаңғысы курорты секілді Алматы мен Ыстықкөл жақтан екі үлкен демалыс орны салынады, адамдарға да, табиғатқа да пайдалы, нағыз экотуризмге арналған жоба. Егер осындай экологиялық пайдалы нысандар салсақ, елімізге Еуропадан көп турист келер еді. Әрі бұл бауырлас халықтарды да бір мүддеге біріктерер еді. Біздің идеямыз бойынша, жобаға Қырғызстан мен Қазақстан акционер болып кіреді, аспалы жол 180 пайыз рентабельді, бес жылда өзін-өзі өтейді. Міне, осындай теңдессіз жоба жөнінде кезінде Елбасы Н.Назарбаевқа хат жаздым. Ол Алматының маңайынан тау курорттарын салу мәселесін қарастыру керек деп қала әкімдігіне тапсырма берді. Алайда әкімдік біздің жобаны қабылдамай, Көкжайлауды ұсынды. Бұл демалыс орны салынса табиғатқа орны толмас зиян тиеді деп белсенді экологтармен бірге қарсы шықтық. Ақыры Президент Қ.-Ж.Тоқаев бұл жобаны тоқтатты, ол кісіге алғысымыз шексіз. Әйтпесе, Көкжайлау демалыс кешенін жобалағандардың мақсаты тек ақша табу болатын.
– Қазір бүкіл әлем елдері планетаның тағдырына алаңдай отырып, нақты іс-әрекетке көшті. Пластик пен полиэтилен пакеттерден бас тартып, бұрынғыдай қағаз қалталарды пайдаланып жатыр. Біз әзірге бұл жағынан оларға ілесе алмай отырғанымыз шындық. Жалпы тұрғындардың экологиялық сауатын, қоғамның экологиялық мәдениетін көтеру үшін не істеу қажет? Біз өзіміз отырған ағашты өзіміз кесіп жатырмыз ғой.
– Ол үшін жасылдар партиясын құру қажет. Тұтынушылық қоғам қоршаған ортаны шектен тыс қанап жатыр, бұқаралық мәдениет экологиялық мәдениетті тықсырып тастады, көпшілікті сауатсыздандырды. Халықты қоршаған ортаны қорғауға жұмылдырудың, біріктірудің жолы біреу ғана, ол – партия. Біздің «Табиғат» экологиялық одағының құрылғанына 33 жыл болды, бірақ бұл қозғалыс, ал бізге партия керек. Мен мектеп оқушыларымен кездескен сайын экология деген бүкіл табиғат екенін, оған физика да, химия да, биология да, т.б. кіретінін, сондықтан табиғат заңдарын білу керектігін айтып жүремін.
– Сіз мектептерде жиі боламын дедіңіз. Ендеше, осы оқу орындарындағы экологиялық тәрбие мен білім көңіл көншіте ме?
– Жастардың экологиялық білімі өте төмен, өкінішке қарай. Соңғы жылдары жоғары оқу орындарында жаратылыстану мамандықтарының біразы қысқарды, студенттердің білім деңгейі де төмендеді. Білімі төмен мұғалімнен дәріс алған оқушының деңгейі сондай болатыны заңдылық.
Бірақ, солай екен деп қол қусырып қарап отыруға болмайды. Мысалы, Сорбұлақ мәселесін шешудің бір жолы – оның төңірегіне көптеп ағаш отырғызу. Ол маңайды тұтас тоғайға айналдыру керек. Жасыл желек сел болуының алдын алады, су деңгейін азайтады. Міне осы ағаштарды отырғызуға оқушыларды тартамыз. Мен осы жөнінде Алматыдағы өзім оқыған №4 мектепке, тағы да басқа мектептерге ұсыныс жасадым, олар қолдады. Ал көшетті қайдан аламыз деген сұраққа келсек, оның да шешімі бар. Әрбір оқушы кез келген ағаштың дәнін, тұқымын немесе жас сабағын алып, үйінде шағын ыдысқа топырақ салып, өзі өсіреді. Бұл акцияға ең лайықтысы – 5-6 сынып оқушылары. Ағаш көшетін өсіруге баланың әке-шешесі де қатысады, мектептегі биолог мұғалімдер де араласады. Сол көшеттерді көктемде Сорбұлақтың айналасына жаппай отырғызу керек. Міне, экологиялық тәрбие осылай қалыптасады. Балалар ағашты кішкентай дәнінен бастап өсірген соң ағаштарға қамқор болады, жаны ашиды.
Алматыда 200-ден астам мектеп бар, олардың барлығы қатысса қаламыз жасыл желекке байып қалар еді. Оқушылардың көмегімен ағаш көшеттерін өсіретін тәлімбақ салсақ тіпті жақсы. Мәселен, мен оны Құлжа тас жолының бойында салуды ұсынамын. Біздің қозғалыс 2005-жылы Президент сайлауы қарсаңында осындай үлкен акция ұйымдастырып, бүкіл тұрғындарды ағаш отырғызуға тартқан болатын және оның нәтижесі өте жақсы.
– Президент Қ.-Ж.Тоқаев 2025-жылға дейін 2 миллиард ағаш отырғызуға тапсырма берді. Сорбұлақты көгалдандыруды осы жоба аясында іске асыру керек шығар.
– Әрине, болады. Жасыл желек отырғызуға жастарды міндетті түрде тарту керек. Экологиялық мәдениет деген осы, бұл әрі еңбек. Ештеңе де бір күнде орнамайды, бірте-бірте қалыптасады. Мәселен, 1990-жылдары жұрттың көбі жаңа жыл мерекесінде тауда өсіп тұрған шыршаны кесіп алып, үйіне әкеп қоятын. Бір апталық қызық үшін бір ағашты тамырымен құртатын. Қылқан жапырақтылар өте баяу өседі, бір ағашты өсіруге 40-50 жыл қажет. Міне, осындай ақпараттық жұмыс жүргізіп, халыққа түсіндірдік, үйреттік. Сөйтіп біраз уақыттан соң жаңа жыл мерекесіне тірі шырша қою тоқтады. Қазір бәрі жасанды шыршаны пайдаланады. Міне, осындай жұмыстарды үздіксіз жүргізу қажет.
«Табиғат» қозғалысы Алматыда осы бағытта көптеген іс-шаралар ұйымдастырып, жақсы үрдіске түрткі болды. Жас жұбайлар саябағын салуға бастамашы болдық, ешкімнің қолдауынсыз өз күшімізбен іске асырдық. Ұлымыз үйленген кезде Медеу мұз айдыны маңайына алғашқы шыршаны апарып отырғыздық, біртіндеп жаңа үйленген жастар осыны әдетке айналдырды. Қазір ол жер саябаққа айналды. Дүниеге келген жас сәбилерге арнап ағаш отырғызу жөнінде де бастама көтергенбіз. Бір жылдары қиын мінезді балаларды жинап, Іле өзенінің жағалауына апарып қоқыс жинаттым, әрі жұмыс істеп, әрі суға түсіп демалды. 2001-жылдан бастап дәстүрлі Іле-Балқаш халықаралық регатасын өткізіп келдім, өте ауқымды, күрделі іс-шара. Жыл сайын бес мыңдай адам қатысты. Ол да экологияға назар аудару мақсатында өткізілді.
– Қазіргі таңда Қазақстан атом электр станциясын салуға дайындық үстінде. Бұл мәселеде сарапшылар пікірі екіұдай, әйтсе де АЭС салуға халықтың басым көпшілігі күдікпен қарайды. АЭС құрылысының онсыз да тұралап тұрған экологиямызға әсері қандай болмақ? Тосын апаттарға алып келу қаупі бар ма? Жалпы біздің елімізге АЭС қажет пе?
– Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі бұрыннан көтеріліп келеді. Мен сол кезде бұл мәселеге көзқарасымды білдіргенмін. Шенеуніктер шет елдердің радиоактивті қалдықтарын Семейдегі полигонның бос қалған оқпандарына қойып, ақша табамыз деп ұсыныс жасаған кезде қарсылық білдірдік. Атом қалдықтарын сақтайтын жерде қатаң тәртіп болуы керек, ал полигонның орнын ешкім күзетіп отырған жоқ. Ақыры осыны түсінген шетелдіктер өздері бас тартты.
Енді мына АЭС-ті салса, өзі де әрең тұрған Балқаш көлі мүлде құриды. Атом электр станциясының қасында оның ыстық суын пайдаланатын үлкен қала болуы керек. Ал Балқаштың айналасы жүздеген шақырымға дейін айдала, бүкіл энергия желге кетеді, су босқа ысырап болады. Оның ыстық суын Балқашқа құямыз дейді, онда көлдегі тірі организмнің бәрі өледі. Ядролық терроризм қаупі де бар.
Әрине, АЭС қоршаған орта үшін жақсы, көміртегі секілді зиянды шығарындылар бөлмейді. Бірақ оның да өзінің радиоактивті заттары бар, оны дұрыс пайдаланбаса болмайды. Сондықтан АЭС құрылысын кейінге қалдыру керек деп есептеймін. Әзірше бізге су, жел, күн энергиясын пайдаланған дұрыс.
– Сарқылмайтын қуат көзіне жататын күн мен жел энергиясын алудың түрлі амалы бар екені белгілі. Бізде осы қуат түрлерін пайдалану мүмкіндігі жоғары өңірлер бар екендігіне қарамастан, қолданысы аз ғой. Бұл осы энергияларды алуға арналған қондырғылардың қымбаттығына байланысты болар.
– Күн энергиясын электр энергиясына айналдыратын құрылғылардың арасында күн батареялары, коллекторлар және басқалары бар. Әлемдегі жел энергетикасы қондырғыларының 80 пайызы Еуропада орналасқан. Бұл сектор Еуропалық одақ елдерінде бүкіл электр энергиясының 15 пайызын қамтиды. Бұл елдердегі жел турбиналары жерден биікте орналасқан және күрделі құрылғы болып есептеледі. Сондықтан біз Еуропадағыға қарағанда қолжетімді, жеңілдеу жоба ұсындық. Бұл генераторлар жерде орналасады. Бірақ бұл идеямызды ешкім құлағына ілер емес. Бұл жоба іске асырылса қаншама электр энергиясы үнемделер еді. Ал әзірге электр энергиясын тек жылу-электр станцияларынан аламыз деп табиғатты ластап жатырмыз.
Осы 30 жылда «Табиғат» экологиялық қозғалысы елге, жерге пайдалы талай дүниені іске асырды. Бірақ қоғам да, құзыретті органдар да көзжұмбайлыққа салынып, бастамаларымызды қолдамай отыр. Болашақты қазір ойламасақ, не үшін өмір сүреміз?
– Өткен жаз еліміздің көптеген өңірінде құрғақшылық болып, мал да, жан да қатты тарықты. Тіпті батыс аймақтарда орасан зор мал шығыны болды. Су жетіспеушілігі барлық аймақтың ауыл шаруашылығына да әсерін тигізіп отыр. Осы орайда, қиындықтан шығудың тиімді жолдары қандай?
– Біздің халық суды көл-көсір пайдаланғанды жақсы көреді. Бұл түсінікті өзгерту керек. Мәселен, шөл далада орналасқан Израильде ауыл шаруашылығы жақсы дамыған, олар егінді тамшылатып суару әдісін қолданады. Қазақстандық диқандар да жаппай тамшылатып суаруға көшу қажет. Бізде «Агробілім» деген бағдарлама бар, сол бойынша мен ауылдарды көп араладым. Егін егудің жаңа технологияларын енгізуді насихаттадық. Бұны жекелеген шаруашылықтарда емес, бүкіл еліміз бойынша жүйелі түрде енгізу керек. Бірақ әзірше көпшіліктің агрономиялық білімі төмен, әрі енжар, салғырт. Мәселен, 2015 жылы тұрмыстық қалдықтарды сұрыптайтын пункт аштым. Тұрғындардан екі нәрсені ғана талап еттім: қалдықты екі бөліп, тамақ пен басқа қалдықтарды екі қалтаға салып әкелуді сұрадым. Алайда ешкім тыңдамады, тіпті қалдық салатын контейнерге дейін 10 метр жүруге ерініп, сыртқа тастап кететіндер болды. Сосын ол бір демде тау болып үйіледі. Міне, қандай немқұрайдылық. Өкінішке қарай, біздің сұрыптау пунктіміз сол кездегі қала әкімі А.Есімовке жақпады. Оның тұсында Алматыда талай ағаш оталды, жасыл желек азайды. Соның салдарынан қазір қала газ камерасы секілді, ауа толған улы заттар, оны жұтатын жасыл желектің орнына жүздеген биік ғимарат салынып кетті. Қоғамдағы сыбайлас жемқорлық жойылмай, экологияның жақсаруы екіталай.
– Жаңа құрылған Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің тыныс-тіршілігіне зер саласыз ба?
– Жаңа орган ғой, жұмысын әлі байқамадым. Әйтсе де тиісті органдарға жасаған ұсыныстарымды осы уақытқа дейін ешкім қолдаған емес. Бұл көреалмаушылық па, керенаулық па, білмеймін. «Өзің білме, білгеннің тілін алма» дегеннің кері. Алдымен ақша табуды емес, нәтижені ойлау керек.
– Сіз Алматы қаласында туып-өстіңіз. Табиғатқа қызығушылығыңыз кішкентайыңыздан басталғанға ұқсайды.
– Мені алты айлығымда атам мен әжем ауылға алып кетіпті. Содан мектепке барғанға дейін Қаракемер, Талдыбұлақ ауылында өстім. Атам түрлі ағаштар, жеміс-жидектер өсіретін. Жазда таудағы Асы жайлауына шығатынбыз. Сұлу жерде өскендіктен, табиғатқа жақын болдым. Қоршаған ортамен үйлесімде өмір сүру керектігін бұрынғы қазақтар жақсы білген. Қазір сол мінезімізден айрылып қалдық.
Табиғаттың заңдарын ешкім жоққа шығара алмайды. Қоршаған орта проблемаларын шешу үшін де табиғаттың заңдарын пайдалану керек. Каспий, Балқаш, Арал теңізі, Алматының экологиясы, барлығы да шешуін күткен үлкен мәселе. АЭС салудың жай-жапсарын, зияны мен пайдасын халыққа ашық айту қажет. Мен осыншама жыл бойы бостан-босқа айтып жүргенім жоқ, білімім бар болған соң айтамын. Табиғатқа жасалған зиян – адамзаттың өзіне қарсы жасалған зиян.
Өкінішке қарай, бұрынғы Ғылым Академиясы жойылғалы бері ғылым да жойылды. Табиғат апаттарының алдын алу үшін кешенді ғылыми зерттеулер жүргізілуге тиіс. Билік органдары мамандармен, ғалымдармен бірлесіп шешім қабылдаса ғана тиімді болмақ.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Дина ИМАМБАЙ
фото Интернеттен алынған
Comments powered by CComment