Қазақстанның жас омбудсмендері балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі негізгі сын-қатерлерді талқылады.

Дүниежүзілік балалар күніне орай Қазақстанның барлық өңірінен 50 жас омбудсмен балалар қауіпсіздігіне қатысты маңызды мәселелерді талқылау үшін жиналды. Қазақстанның Бала құқықтары туралы БҰҰ Конвенциясын ратификациялағанына 30 жыл толуына арналған «Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі заманауи сын-қатерлер» атты іс-шараға өңірлік бала құқықтары жөніндегі уәкілдер мен БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) өкілдері қатысты. Кездесу барысында балаларға қатысты заманауи сын-қатерлер тақырыбына диалог ұйымдастырылды.

«Қазақстан үшін бала құқықтарын қорғау мен мүдделерін қамтамасыз ету – маңызды міндет. Бүгінгі іс-шара балалардың қауіпсіздігіне қатысты мәселелерді талқылауға ерекше мүмкіндік береді. Біз баланың қауіпсіз өсіп-дамуына жағдай жасайтын орта құру үшін бірге әрекет етуіміз қажет», – деп Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің бірінші орынбасары Наталья Жұмаділдаева атап өтті.

Үш модульден құралған іс-шарада жас омбудсмендер спикерлер қатарында сөз сөйледі. Бірінші модульде жастар арасында құқықтық сауаттылық, отбасының бала қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлі, балалар мен жастардың өз құқықтарын қорғауға белсенді қатысу мәселелері талқыланды.

Екінші модульде цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздік, оның ішінде кибербуллинг пен балаларды әлеуметтік желілерде қорғау мәселелері қаралды. Сонымен қатар, ата-аналардың интернет қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлі туралы айтылды.

Соңғы модульде экологиялық мәселелер, оның ішінде жастардың қоршаған ортаны қорғаудағы рөлі мен климат өзгеруінің әсері талқыланды.

«Бұл ерекше жағдайды пайдаланып, мен Қазақстанның барлық балаларын Дүниежүзілік балалар күнімен шын жүректен құттықтаймын. Сондай-ақ, Бала құқықтары туралы конвенцияны ратификациялаудың 30 жылдығымен құттықтай отырып, балалар құқығын қорғаудағы елеулі жетістіктері үшін Қазақстан үкіметіне алғысымды білдіремін. Біз бүгін қауіпсіз және тұрақты болашақ үшін бірлесе жұмыс істей отырып, Бала құқықтары туралы конвенцияның қағидаттарына деген адалдығымызды растаймыз», – деп ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі доктор Рашед Мустафа Сарвар атап өтті.

«Қазақстанда балалардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігі – мемлекеттік саясаттың басты бағыты. Соңғы жылдары Президенттің саяси және заңнамалық реформалары аясында әлеуметтік қолдау және құқықтық қорғау саласында елеулі прогресске қол жеткізілді», – деп Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева атап өтті. Сонымен қатар, «Бүгінгі талқылаулар балалармен диалогты нығайтудың маңыздылығын көрсетеді. Әрине, балалардың дауысы олардың құқықтарын қорғау мәселелерінде шешім қабылдағанда ескерілуі қажет», – деді Зәкиева.

Астана қаласының бала омбудсмені Руслан Захаренко: «Біз бүгінгі диалогқа қатысуға ғана емес, оны жүргізуге қуаныштымыз. Біздің, яғни жастардың, әлемді қауіпсіз әрі жақсырақ ету үшін өз идеяларымыз бен көзқарастарымыз бар», – деп атап өтті.

Қазақстан 1994 жылы Бала құқықтары туралы Конвенцияны ратификациялап, балалар құқықтарын қорғауға деген адалдығын көрсетті. Конвенцияның негізгі қағидаларына барлық балалардың өмір сүруге, дамуға, өз-өзін қорғауға және кемсітушілікке ұшырамауға тең құқықтарын қамтиды. 20 қарашада атап өтілетін Дүниежүзілік балалар күні балалардың болашағына қатысты шешімдер қабылдағанда олардың пікірін ескеру қажеттілігін еске салады.

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті туралы

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің реттеу, іске асыру және қадағалауфункцияларын жүзеге асыратын, сондай-ақ Комитеттің құзыреті шегінде орталық атқарушы органның стратегиялық функцияларын орындауға қатысатын ведомствосы болып табылады.

Ришат МАХСУТОВ

Comments powered by CComment