2021 жылғы 2 маусымда бейнеконференц байланыс режимінде Парламент 2021 жылғы 8 сәуірде қабылдаған және 2021 жылғы 13 сәуірде Мемлекет басшысына қол қоюға ұсынылған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адвокаттық қызмет және заң көмегі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігі тұрғысынан қарау туралы Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың өтініші бойынша Конституциялық Кеңестің отырысы өтті.   

Отырысты ашқан Конституциялық Кеңестің Төрағасы Қ. Мәми республика Президентінің өтініші маңызды мәселелерді қозғайтынын және азаматтардың білікті заң көмегін алу құқығына қатысты екенін атап өтті.    

Материалдарды қарауға дайындау барысы туралы Конституциялық Кеңестің мүшесі – баяндамашы И. Меркель баяндама жасады. Оның айтуынша, заң жобасының Парламентте басталуы мен өтуінің барлық кезеңдерінде ол кең пікірталастармен қатар жүрді, соның аясында оны жақтап та, оған қарсы да пікірлер болды. Олар мынадай: адвокаттар алқалары мен заң консультанттары палаталарының республикалық құрылымдарына жарналарының ең төменгі шегін заңда 1 АЕК мөлшерінде белгілеу; заң консультанттары палатасын құру үшін мүшелердің ең аз санын 50-ден 200-ге дейін ұлғайту; жаңа құрылым - Республикалық заң консультанттарының алқасын құру; адвокаттар алқалары республикалық конференциясының құзыретінен Республикалық адвокаттар алқасы төралқасының қарауына жекелеген өкілеттіктерді беру; заң көмегін көрсетудің ақпараттық жүйесінің объектілерін Республикалық адвокаттар алқасы мен Республикалық заң консультанттары алқасына сенімгерлік басқаруға беру және басқа мәселелерге қатысты болды.     

Отырыста Конституциялық Кеңес мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, заң және ғылыми жұртшылықтың пікірлерін тыңдады. Оған Парламент Сенатының және Мәжілісінің, Үкіметтің, Жоғарғы Соттың, Бас прокуратураның, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Ішкі Істер министрлігінің, Әділет министрлігінің, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, Қаржы мониторингі агенттігінің өкілдері қатысты.  

Республикалық адвокаттар алқасының өкілдері – адвокаттар Д. Канафин және С. Мусин;  Республикалық нотариаттық палатаның төрайымы А. Жанәбілова; адвокат, Республика Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі А. Омарова; сарапшылар-заң ғылымдарының докторы, профессор С. Тыныбеков және Kazaкhstan Bar Association (KazBar) заң консультанттары палатасының заң консультанты Б. Раисова өз ұстанымдарын баяндап берді.

Отырысқа қатысушылар арасында адвокаттар мен бірқатар өңірлердің заң консультанттары палаталарының басшылары болды.  

Конституциялық Кеңес жеке сот орындаушылары Республикалық палатасының, Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институтының, Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің, Каспий университетінің, Ресей Федерациясы Үкіметі жанындағы Заңнама және салыстырмалы құқықтану институтының, сондай-ақ сарапшылар-заң ғылымдарының кандидаты Р. Жәмиеваның және PhD докторы А. Қоғамовтың қорытындыларын зерделеді.

Кеңес елдің заң қауымдастығының белсенділігіне назар аударды. Конституциялық Кеңес регламентінің 5.2-тармағына сәйкес аталған өтініш бойынша Конституциялық Кеңеске республиканың әртүрлі өңірлерінен жекелеген адвокаттар мен заң консультанттарынан, олардың алқалары мен палаталарынан 75-тен астам бастамашылық қорытындылар мен пікірлер келіп түсті. Олардың барлығы конституциялық іс жүргізу материалдарына қоса тіркелді.   

Отырысқа қатысушыларды тыңдағаннан кейін Конституциялық Кеңестің құрамы шешім шығару үшін кеңесу бөлмесіне кетті. Қабылданған шешім туралы қосымша хабарланатын болады.

Postfactum.kz

Comments powered by CComment